Бруцеллез — жұқпалы ауру.
Оның бруцеллдейтін түрліше микробтары бар, олар негізінен қой-ешкі, сиыр және шошқа бруцеллі деп үш турге бөлінеді. Бруцелл дене сыртында да жақсы өседі. Олар сүтте, сүттен жасалған тағамдарда және етте он күнге дейін, кейде 30— 45 күндей өмір сүреді, ал жербетінде, суда, көңде, шіри бастаған өліктерде бір айдан төрт айға дейін өлмейді. Бруцеллілер аязға да өте төзімді келеді, ыстықты сүймейді. Температура 70 градусқа жетсе, бруцеллез микробы жарты сағатта қырылады. Бруцелл күннің сәулесінен де, дезинфекция дәрі-дәрмектерінен де тез қырылады.
Қой мен ешкі бруцеллезі жұғымтал. Бруцеллез микробтары ауырған малдың сідік, қи, тезегі т.б. арқылы да саумалдарға, малшыларға жұға береді. Мұнымен қатар микробтар жаңа бұзаулаған ауру сиыр мен қой-ешкі сүттерінен де жұғады. Ауру мал іш тастағанда не төлдегенде олардың жыныстық ағзаларынан бруцеллез микробтары көп тарайды. Бруцеллез аурулы малдан шала туған төл өлігі де өте жұқпалы. Өлік тек адам үшін ғана емес, соны жеген ит пен шошқаға да қауіпті. Бруцеллез адамға көбінесе жазғытұрым жұғады, өйткені малдың төлдеуі және сүт маусымы да жылдың осы кезеңінде басталады.
Бруцеллез микробы ауру адамнан сау адамға жыныстық қатынас арқылы жұғуы да мүмкін. Аурудың алғашқы белгілері сезілгенше үш жеті өтеді. Кейде науқас, температурасының 38,5-39,0 градусқа дейін көтерілгенін де сезбей қалуы мүмкін. Бруцеллез науқастың қызуы бірде көтеріліп, бірде төмендеп отырады. Қызуы түскенде адам өзін айыққандай сезеді, тамақ ішкісі келіп, көңілі серігеді. Бруцеллез қозғанда науқастың ұйқысы қашады, түнде ағып терлейді, кейінірек буындары іседі, шет. нервтері қабынады, төсектартып жатып та қалады. Бруцеллез еркектің тұқым безін ісіндіреді, әйелдің етеккірін бұзады, бала тастатады. Адамды ауруханада емдеу мерзімі бір айдан төрт айға, кейде одан да ұзаққа созылуы мүмкін. Науқас ауруханадан «сауықтым» деп шықса да, бірнеше ай өткен соң аурудың қайта білінуі кәдік. Тіпті жазылды дегеннің өзінде де бруцеллездің салдары қалуы ғажап емес.
Емдеу тәртібі. Адамды дәрігерге апарғанша тынықтыру керек. Ауырған, домбыққан буындарға дене сүйсінгендей етіп грелка басылғаны жөн. Соңғы кезде бруцеллезді емдейтін әсерлі дәрілер шықты, олардың нәтижелері жаман болмай жүр. Бірақ, бруцеллезді қандай әдіспен емдеу керек екенін дәрігер ғана шешеді. Айталық, бруцеллез созылмалы болса, сүйек-буынға шапса ауруханада, курортта емдеуге тура келеді.
Бруцеллезді адамға жұқтыратын ауырған мал және малдың өнімдері мен қи-тезек тағы басқалары екенін жоғарыда айттық. Сондықтан да бұл ауру әсіресе малшылар арасында жиі кездеседі. Әрине, бұдан қала халқы бруцеллезбен ауырмайды деген ұғым тумайды. Олар да ауырады. Демек, бұл аурудан сақтану жолдарын білу ауылды жерде болсын, қалада болсын әр бір азаматтың тәлісі деп білеміз.
Бруцеллезден алдын ала сақтану үшін: бруцеллезбен ауырған малды саумалдан бөлек бағу; ауырған мал тұрған қора-қопсыларды, олардың төңіректерін, ондағы құрал-саймандарды тиісті дәрілермен дезинфекциялау; малдағыларды тексергенде бруцеллезбен аурулы адам кездессе, жедел емдету кереқ; бруцеллез мал сатылмайды; төл алушылар, іштастаған малды күтушілер және құсхана, ферма қызметкерлері, жүн жуғыш, тері-терсек жұмысшылары және т.б. жұмыс кезінде арнаулы киім (халат) киюі тиіс; жұмыс орнында құман, сабын, орамал, дезинфекциялық дәрілер даяр тұрсын; бруцеллез малдың сүтін пастеризациядан (70 градусқадейін 30 минут қыздырмайынша) өтпейінше ішуге немесе сатуға болмайды; бруцеллезбен ауырған төлді тұрғын үйде ұстамау керек.
Сарып (бруцеллез) ауруы адамдардың сарып (бруцеллез) ауруымен сырқаттануы көктем, жаз айларында күрт өседі. Бұл малдың төлдейтін кезеңіне байланысты.
Мал, үй хайуанаттары да (ит, мысық) бруцеллез ауруын таратады, деп жазады Замана.
Ауру малды төлдету кезінде, қойдың жүнін қырқып, одан өнім алу, сондай-ақ ет, сүт өнімдерін дайындау кезінде жұғады. Сүт зауыттарында да ауруды жұқтырып алуыңыз әбден мүмкін. Ол адамға қайнамаған сүт, қаймақ арқылы да жұға алады. Мал қораларын тазалау кезінде ауадағы шаң-тозаң арқылы да жұғады. Осы жұғу жолдарының ішіндегі ең қауіптісі – мал төлдету кезінде малдың шуы, қағанақ суы арқылы жұғуы.
Сарып ауруының қоздырғышы сүт құрамында қалыпты температурада 10 – 18 күн, қымыз бен шұбатта – 3, жаңа сойылған етте – 47, тоған-суаттарда 90 күнге дейін сақталады. Ол жүн мен теріде – 1,5 – 4 айға, ағын суда – 6 –12 күнге, топырақ пен қида, тезекте 3 айдан 4,5 айға дейін қуатын жоймайды. Сүтте 55 градусқа дейінгі аралықта 10-15 минуттан кейін, ал қайнатқан кезде бір сәтте жойылады.
Сарыптың алғашқы клиникалық белгілері мынадай: Кешке қарай дене қызуы көтеріледі, денені тер басады, әлсіздік пайда болады. Негізінен буындар ауырып, бұлшықеттер мен жүйке жүйелері зақымданады. Жыныс мүшелері не әсер еткен жағдайда ерлерде орхитке, әйелдерде түсік тастауға, жатырдың қабынуына, мастит ауруларына әкеліп соқтырады. Ал балалар мен жас өспірімдерді белсіздік ауруымен зақымдауы мүмкін. Дер кезінде қаралмаған немесе дәрігерге кеш келген жағдайда бруцеллез асқынып, мүгедектікке әкеліп соқтырады.
Бұл дерттен сақтану жолдары мынадай: Ең алдымен ауру малдың көзін тез арада жою қажет. Малды төлдету кезінде сақтық үшін арнайы қолғап, аяқ киім киген дұрыс, қолды сабынмен екі қайтара жуып, залалсыздандыру керек. Сонымен қатар сапалы өңдеуден өткенет, сүт өнімдерін тұтыну қажет. Ауладағы малдың арасында түсік тастау, өлі туу жағдайын дереу мал дәрігеріне хабарлау керек. Әр отбасы мал дәрігерімен тығыз байланыста болғаны абзал.
Ал егер жоғарыда аталғандай ауру белгілері мазалаған жағдайда оны сезінгеннен бастап дәрігерге жедел түрде көрінген дұрыс.



